DiscoverБірінші бол
Бірінші бол
Claim Ownership

Бірінші бол

Author: Олжас Байбосын

Subscribed: 10Played: 40
Share

Description

Спорт - махаббат, мәдениет. Спорттың тілі - жарыс, аламан, дода, бәсеке.
Спортты жақсы көрген адам міндетті түрде "Бірінші бол" каналының жанкүйеріне айналады!
54 Episodes
Reverse
Қазақстан бокс федерациясының баспасөз хатшысы болып 1,5 ай қызмет атқарған Әзиз Жұмаділ БІРІНШІ БОЛ қонағы болды. Ақпан айында Қазақстан бокс федерациясының президенті болып Шахмұрат Мүтәліп сайланды. Не өзгерді? Боксшылардың олимпиадаға дайындығы қалай? Неге ҚБФ жабық ұйымға айналды, журналистерді неге алалайды? Бүгінгі подкастың кіріспесі осыдан басталды. Одан бөлек, Федерациядағы соңғы ауыс-түйістер де сөз болды. "Өткелде ат ауыстырма" деген, әуесқой бокста тәжірибесі жоқ Жалғас Түкешов қалай ҚБФ президентінің кеңесшісі болды? Азия жастар арасындағы чемпионат алдында ұлттық құрама бас бапкерін неге ауыстырды? Өзбекстан Парижде 2 дүркін олимпиада чемпионын шығаруды мақсат тұтып отыр. Ал қырғыздар күрестен кемі 2 олимпиада алтынын аламыз деп үміттеніп отыр. Қазақстанның не жоспары бар? Парижден күліп қайтамыз ба, әлде күмілжіп пе? Олжас Байбосын, Аслан Қаженов отандық бокс пен күрестегі проблемаларды атап, федерациялардың үнсіз отырғанына налыды. Ал, Әзиз Жұмаділ ең бастысы нәтиже екенін алға тартып, ақпараттық ашықтықты екінші планға қойды. Ал сіз не дейсіз? Подкасты соңына дейін көріп, ойыңыз бен пікіріңізді жазыңыз! 
Бүгін тұрақты спикеріміз Елдос Ахметовпен бірге ҚПЛ #6 турын талқыладық. "Жетісу" өз алаңында азулы "Ақтөбе" командасын жеңіп, турнир кестесінде 3-орынға көтерілді. Қайрат Нұрдәулетов расымен де мықты бапкер ме, әлде талдықорғандықтардың жолы болып кетті ме? Биыл ҚПЛ басты фавориті саналып отырған "Тобыл" неге өз алаңында "Жеңіс" командасын тықсыра алмады? Елдос Ахметов "Жеңіс" командасының Қостанайдан 1 ұпай алып қайтқанын сенсация деп есептемейді. Экс-футболшы "Тобыл" командасы қарсыласын дұрыс бағаламағанын, сол үшін "сазайын" тартқанын айтты. Ермұхамед Мәулен былтыр ғана ел чемпионы атанған "Ордабасы" командасында биыл жүйелі ойын жоғын, Мамаду Мбоджи кеткелі қорғаныс әлсірегенін айтты. Алда Еурокубок ойындарына іріктеу кезеңі келе жатыр, "Ордабасы" командасы соған дейін есін жимаса, көп қиындыққа тап болуы мүмкін. Олжас Байбосын қайыршының күйін кешіп жүрген Түркістан облысындағы командалардың қазіргі жағдайын мәселе етіп көтерді. "Жетісай" ойыншыларының жол шығынын жергілікті жомарт жандар көтеріп, кілем сататын кәсіпкер 1 млн теңге аударған. Подкаста біраз инсайд ақпарат та айтылды. Шетелдік компаниялардың бірі "Ақтөбе" клубына 30 млрд теңге инвестиция салғалы жатыр екен. Қалған қызықты естігіңіз келсе, подкастың әр минутын жібермей көріп шығыңыз.
Бүгінгі подкаст от болды. Өйткені, Қазақстан премьер-лигасының 5-туры аясындағы матчтар голға да, тосын нәтижеге де толы болды. Ермұхамед Мәулен әбден дайындалып, зығырданы қайнап келіпті. "Қайрат" – "Ақтөбе" матчының ұйымдастырылуы мен стадионға билет алып келген кей жанкүйердің даладан қайтқанын айтып шағымданды. Орталық стадионда өткен матчта қонақтар – "ақтөбеліктер" жеңіске жеткен еді. Сол матчтан кейін "Қайрат" футбол клубының басшысы Қайрат Боранбаев төрешілер тарапынан әділетсіздік болғанын айтып сынады. Бірақ Ермұхамед Мәулен танымал кәсіпкердің бұл сыны орынсыз екенін, "Ақтөбе" командасы шын мәнінде жеңіске лайық болғанын атап өтті. Тұрақты сарапшымыз Елдос Ахметов те сенбі-жексенбі күндері өткен ҚПЛ матчтарын жіті қадағалап, кей тұстарын қойындәптеріне түртіп алыпты. "Ордабасының" ойыны неге жүрмеді, неге ел чемпиондары өз алаңында "Қызылжар" командасын тықсырта алмады? Бас бапкер Александр Седнев пен команда капитаны Асхат Тағыберген арасында кикілжің бар ма? Төрт матч бойы 1 голдан артық сала алмай келе жатқан "Ордабасы" командасындағы дағдарысқа бас бапкер кінәлі ме? "Ордабасы" ойыншылары Седневті сливать етіп жатыр ма? Марин Томасовтың "Астана" сапындағы 100-ші голы командасына жеңіс сыйлай алмады. Биыл Қазақстан чемпиондығы үшін талас "Ақтөбе" мен "Тобыл" арасында өрби ме? БІРІНШІ БОЛ жүргізушілері мен арнайы сарапшысы бұл мәселеге де болжамын айтып, биылғы ҚПЛ фавориті кім болатынына тоқталды. Қазақстан ұлттық құрамасында 17 матч өткізген, еліміздегі бірнеше клубтың намысын қорғаған Елдос Ахметов әр подкаст сайын басынан өткен бір қызықты айтып беретін болды. Бұл жолы экс-футболшы қазір түріктердің "Адана" клубында ойнайтын Абат Айымбетовтің ырымшылдығы жайында тоқталды. Бәрін білгіңіз келсе, подкасты соңына дейін көріп шығыңыз!
Танымал актер Әшім Ахметов БІРІНШІ БОЛ қонағы болды. Футболға қатты қызығады – "Реал" жанкүйері. АПЛ матчтарын жібермей көреді екен.  Әшім Ахметов футбол скауты болғысы келетінін айтты. Нағыз таланттарды табу үшін ел аралап, қабілеті мықты қазақ балаларының бағын ашқысы келеді.  Актердің ойынша, Қазақстанда жетістікке жеткен жас таланттардың көбі тоқмейілсіп, даму жолынан шығып қалады. Тіпті, бұл барлық салаға қатысты көрінбейтін "індет" екенін айтты. Әлі күнге дейін екі дүркін олимпиада чемпионы шықпай жатқанын да осы "қасиетімізден" көреді.  АПЛ-да доп тебетін қазақ қашан туады? Қазақстан құрамасын ЕУРО мен МУНДИАЛЬ сияқты мәртебелі додаларға сүйрейтін лидерлер қашан пайда болады? Париж олимпиадасынан тағы алтынсыз оралмаймыз ба? Бүгінгі подкаста осы мәселелер сөз болды. Спорт жаңалықтары
Дұрыс тәжірибе. Өйткені, футболшының әрекетіне баға беруге моральдық құқы бар. Тьерри Анри шабуылшының, Гари Невилл қорғаушының әрекетіне дәл бағасын беріп, басым тұсы мен осал жерін дөп басып айта алады. Енді біз осы тәжірибені БІРІНШІ БОЛ жобасында жасағалы отырмыз. "Бірінші бол" – қазақ сегментіндегі Sky Sports болмақ. Өйткені, бұдан былай Қазақстанның бірнеше клубында ойнаған, ұлттық құрама сапында 17 матч өткізген Елдос Ахметов тұрақты сарапшымыз болады.  Елдос Ахметов ҚПЛ және Қазақстан кубогы аясындағы матчтарға тоқталып, ұлттық құрама ойындарына БІРІНШІ БОЛ жүргізушілерімен бірге талдау жасап отырады. Қазақстандағы әр тур, әр футбол бәсекесін ой елегінен өткізіп, жаманын "жасырмай", жақсысын "асырмай" баға береді.  Қазақстан кубогы: "Қайсар" неге ойсырай жеңілді? "Тобыл" биыл турнир фавориті ме? SD Family неге жауапсыз 6 гол жіберді? Осы сұрақтарға жауап іздегіңіз келсе, Елдос Ахметов қатысқан алғашқы подкасты қабыл алыңыз. https://1bol.kz/
Алдияр Жапарханов БІРІНШІ БОЛ қонағы болуға былтыр уәде берген. Бірақ павлодарлық "Ертіс" клубының жағдайына алаңдап, банкроттыққа шақ қалған тарихи команданы қайта жандандыру жолында аянбай қызмет етіп, футбол туралы подкастымызға енді ғана жолы түсіп отыр. Бүгінгі әңгімені ЕУРО-ға екі қадам қалғанда сүрінген Қазақстан құрамасы және еліміздегі спорт инфрақұрылымынан бастадық. "Астана Арена" жабық, онда жөндеу жұмыстары, Көшпенділер ойынына дайындық жүріп жатыр. Алматының орталық стадионы да UEFA талаптарына сай келмей қалуы мүмкін. 2016 жылы Орталық стадионда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, УЕФА стандарты бойынша 4-ші категорияны алған еді. Сол уақыттан бері стадионның талапқа сәйкес келмейтін тұстарын ретке келтіруге уақыт берілген, алайда көрсеткен негізгі ескертулер бүгінге дейін орындалмаған екен.  Ендеше Қазақстан ұлттық құрамасы алдағы матчтарын қайда өткізеді. Күзде Ұлттар лигасы келе жатыр, В дивизионында Австрия, Словения, Норвегия елдерімен бір квартетте ойнаймыз. Эрлинг Холанд, Мартин Эдегор, Давид Алаба сияқты атақты футболшылар қайда ойнайды?  Әрине, негізгі әңгіме "Ертіс" клубының берешегі мен келешегі жайында болды. "Ертіс" клубын сақтап қалу жолында команда сапында ойнаған экс-футболшылардың бәрімен келіссөз жүргізілген. Кезінде уәде етілген жалақыны ала алмай кеткен Карлуш Фонсека 100 млн теңгеге жуық қарызын кешіретінін айтыпты. "Ертіс" сапында ойнаған сербиялық легионерлер де қарызын кешіретін болыпты. "Ертіс" құрамында ойнаған павлодарлық (жергілікті) футболшылардың бәрі де қарызын кешірім, өтеуін сұрамайтын болыпты. Қазақстандық 3-4 футболшы ғана қарызын өндіріп алуды көздеп отыр екен.  "Ертіс" енді қашан Қазақстан премьер-лигасына оралады? Команда қашан еңсесін түзейді? "Ордабасы" биыл Еурокубок ойындарында ұзаққа шаба ала ма? Міне, осы және басқа да мәселелерді белгілі әзілкеш Марат Достаев пен "Ирина Кайратовна" резиденті Алдияр Жапарханов БІРІНШІ БОЛ жүргізушілерімен бірге талқылады. https://1bol.kz/
Көпшіліктің сұрауы бойынша белгілі әнші Нұрлан Еспанов тағы да БІРІНШІ БОЛ қонағы болды. Нұрекең шашы желбіреп отырып елді елжірететін әңгіме айтып берді.  Нұрекең әңгіме айтуды "өнер" деңгейіне жеткізген. Майын тамызады, тыңдаған адамның аузының суын ағызады.  Нұрлан Еспанов бұл жолы да көсілді, түсірілім басталған сәттен бастап қамшы салдырмады. Әдемі әзілін де, ішіндегі ғыжылын да айтып, шер тарқатты. Тіпті, өзін келемеждеп, мазақ ететін оқырманына жауап та берді. Ол футбол мен әзілді түсінбейтін адамдарды "әрі ойнауға" шақырды. Қазақстан ұлттық құрамасының амбассадоры Нұрлан Еспанов егер осы шығарылым 90 мың қаралым жинаса, тағы да БІРІНШІ БОЛ қонағы болып, болашағы зор талантты балаларға сый-сияпатын беруге уәде етті. https://1bol.kz/
Футболдан Қазақстан премьер-лигасы басталғаны жаңа еді, ұлттық құрама халықаралық үзіліске шығып кетті.  Соңғы уикендте ішкі біріншілік қайта жанданып, кей клубтар 3-турын, кей клубтар 2-ші матчын өткізді.  ҚПЛ-ге қатысты сұрақ көп.  Кеше "Астана" - "Елімай" арасындағы матчта семейлік клубтың негізгі құрамында бір қазақ футболшысы шыққан жоқ. Дені - легионер. Қазақстандық футболшылардың арасында тек Сергей Кейлер мен Дмитрий Шмидт қана жүр. Бүгін осы матчты және ҚПЛ аясындағы басқа да ойындарды талқыладық.
Астана қаласында Афина олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаевтың жүлдесі үшін бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр. Жарысқа Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдердің де боксшылары қатысып жатыр. 14 салмақ категориясы (жастар – 7, жасөспірімдер – 7) бойынша төрт елден жиналған 286 спортшы бақ сынап жатыр.  Осы дода қарсаңында той иесі Бақтияр Артаевпен арнайы әңгіме құрып, қазақ боксының қазіргі жай-күйі, Париж олимпиадасы жайлы талқыладық. Олимпиада чемпионы Астанадағы турнирді ұйымдастыруға кім мұрындық болып жатқанын айтты. Алдағы жылдары бұл турнир (Бақтияр Артаевтың жүлдесі үшін) дәстүрге айналып, оған қатысатын елдердің географиясы да кеңеюі мүмкін.  Одан бөлек, Бақтияр Артаев қазір немен айналысып жүргенін айтып, соңғы 2-3 жылдан бері неге көп көрінбей кеткенін түсіндірді. Боксшы қазір бизнесте жүр. Тараз қаласында мейрамхана мен сән салонын ашып, 50 шақты адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр екен.  Ел арасында "Бақтияр Артаев олимпиаданың үздік боксшысына берілген Баркер кубогын сатып жіберді" деген әңгіме бар. Боксшы бұл әңгіменің қайдан шыққанын түсіндірді және Баркер кубогын сатпағанын, қазір оның дубликатын күтіп отырғанын айтты.  Өте қызық подкаст болды. Артаев енді мемлекеттік қызметке орала ма? Қызмет ұсынса дайын ба? Міне, осы және басқа да әңгімелерді естігіңіз келсе, подкасты соңына дейін көріңіз.
Бүгінгі әңгімеміз – аралас жекпе-жек, MMA, UFC, поп-ММА тақырыбында болды. БІРІНШІ БОЛ қонағы – спорт менеджері, промоутер, қоғам белсендісі Нұраддин Садықов.  Нұраддин бұл спорттың әлі де пайда әкелетін бизнеске айналмағанын алға тартты. Ол үшін менеджерлік компаниялар Шавкат Рахмонов сынды атағы жер жаратын, даңқы аспандаған жауынгер жасақтауы керек.  Қазір OCTAGON лигасы әлемге танымал UFC жұлдызын жасақтау үшін барын салып жатыр екен. Нұраддин Садықов "Менің мақсатым – кемі екі-үш Хабиб шығару" деп мәлімдеме жасады.  Одан бөлек, қазіргі файтерлерге тек талантты спортшы болу аздық ететінін, әлемдік межені бағындырып, жекпе-жегіне мыңдаған көрермен тарту үшін шоу бизнеске жақын болуы керегін айтты.  Хан Ата мен Дикий Дарабоз неге ешқашан профиге шыға алмайды? Поп-ММА профи файтерлердің аяғына тұсау ма, әлде оның пайдасын көре алмай отырмыз ба? Осы және басқа да қызықты әңгімені естігіңіз келсе, подкасты соңына дейін көріп шығыңыз.
Алда Қазақстан ұлттық құрамасының маңызды ойыны келе жатыр. ЕУРО жолында Грекияға қарсы ойнаймыз. Осы маңызды матч алдында Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов БІРІНШІ БОЛ қонағы болды. Подкаста елдегі стадион мәселесі, ҚПЛ-дегі легионерлер саны, Федерацияның атқарып жатқан жұмысы және алдағы жоспары талқыланды. Қазір "Ақтөбе" сапында жарқырап жүрген қандасымыз Ыдырыс Омаев жақын арада Қазақстанның көк паспортын алып, Грекияға қарсы матчта ұлттық құрама сапында дебют жасауы мүмкін. ҚФФ президенті гректерге қарсы ойыннан не күтетінін айтып, жанкүйерлерді ұлттық құраманы қолдауға шақырды. Одан бөлек, Әділет Бәрменқұлов қазақ футболын сынайтын белгілі файтер Қуат Хамитке жауабын берді.
Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан әлемдік іріктеу турнирі аяқталды. Биылғы додаға елімізден 11 боксшы (6 ер, 5 әйел) қатысып, ел намысын қорғады. 11 спортшының бесеуі Париж олимпиадасына жолдама алды.  Қыздар құрамасы бұл турнирді өте сүреңсіз өткізді. Бірде-бірі Парижге лицензия ала алмады. Бапкер ауысуы керек пе, қыздар боксына қандай реформа керек? Римма Волосенко әділетсіздікке ұшырады ма? Оны неге қорғап қала алмадық?  Махмуд Сабырхан 57 келіде атой сала ала ма? Оның таланты оза ма, әлде салмағы кедергі бола ма? Асыланбек Шымбергеновті неге қолдауымыз керек? GGG шенеунік болған соң абыройынын айырылып қалмай ма? Италиядан боксшыларымыз сүйіндіретін де, күйіндіретін де нәтиже арқалап қайтты. БІРІНШІ БОЛ подкастында осы мәселелерді талқыладық.
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы ойындарының екінші туры аяқталды. «Тобыл» мен «Астана» әзірге ұпай жоғалтқан жоқ. Ал, ел чемпионы «Ордабасы» мен чемпионаттың басты фавориті «Қайрат» сырт алаңда тең ойнап, маңызды ұпайдан айрылды. «Шахтердің» халі мүшкіл. Бүгінгі подкастта спорт журналисі Бек Төлеуовпен ел чемпионатының соңғы турына шолу жасадық.
Биыл Қазақстан премьер-лигасында біраз өзгеріс бар. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының атауы (ҚКФЛ) Qazaqstan Football League (QFL) болып өзгерді. Кей клубтардың қаржылық қиындығына байланысты осы маусымда чемпионатқа 14 емес, 13 команда қатысады. Клубтағы легионерлер санына қатысты шектеу жеңілдетілді. Биыл ҚПЛ матчтары "QazSport", "Q Arena" және "Q Football" арналарынан көрсетіледі.  Қазақ футболындағы осы және басқа да өзгерістер жайлы, сондай-ақ ұлттық құраманың Грекияға қарсы алдағы ойыны туралы белгілі спорт комментаторы Әлімжан Асқармен әңгіме тарқатып көрдік. Сайтымыз: https://1bol.kz/
БІРІНШІ БОЛ алғаш рет хоккей тақырыбына подкаст арнап отыр. Қонақтар - белгілі хоккей комментаторы Жігер Әзберген және хоккей клубтарының баспасөз саласында істейтін Бекежан Ардақұлы. Қазақстан хоккейі дегеніміз тек "Барыс" емес, қазір ұлттық құрамада жүрген жігіттердің дені Ресейдің, Еуропаның клубтарында ойнап жүр. Бұл ішкі бәсеке үшін де, Қазақстан хоккейінің болашағы үшін де маңызды. "Барыс" неге биыл бәрінен жеңіліп жатыр? Командаға реформа керек пе?  Атақты NHL-де ойнайтын қазақ баласы қашан шығады? Бексұлтан Мақыштың болашағынан не күтеміз? Бүгінгі әңгімеде осы және басқа да мәселелерді сөз еттік. Сайтымыз: https://1bol.kz/
Нағыз футбол енді басталады, ұйқысыз түндер енді жалғасады. Өйткені, бүгін түнде Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі басталады. Кім фаворит, кім аутсайдер? Еуропа футболында не жаңалық? "Ордабасы" Еурокубокта ұзаққа шаба ала ма, Қазақстанға атақты "Реал Мадрид" клубын әкеле ала ма? Бүгінгі подкаста осы тақырыптарды қаузадық. Танымал әзілкеш Марат Достаев пен Мағжан Нұрғали (bayGUYS резиденті) Чемпиондар лигасының плей-офф матчтарына болжамын жасады.  Кішігірім спойлер – Марат та, Мағжан да "Реал" фанаты. Бұл подкаст "Реал" клубының хейтерлеріне ұнамауы әбден мүмкін. Сайтымыз: https://1bol.kz/
Бүгінгі подкаста дзюдо туралы сөйлестік. Париж олимпиадасынан үміт бар ма? Елдос Сметовтен үміт күнкендей, қай спортшыға үміт арта аламыз?  Спорт журналисі Әйгерім Тоқсанбек федерация жұмысы мен ондағы проблемалар туралы айтты. Спорт ғылымы, нақты стратегия сөз болды.  Бұрын дзюдодан Азия балуандары дес бермеуші еді, Еуропа қалай Азияның алдына түсті? Ғылым неге алға шығып, талант аздық ететін болды? Осының бәрін подкаста талқыладық.
Танымал әзілкеш Марат Достаев тағы да БІРІНШІ БОЛ қонағы болды. Подкаста стадион салу, Абаттың трансфері, Азия кубогында атой салған өзбек пен тәжік футболы сөз болды. Сарапшылар Медиалиганы қатты сынады. Ермұхамед Мәулен Медиалигадағы арзан шоу мен жиі болатын төбелесті спортқа жат қылық деп есептейді. Марат Достаев болса, атына сай Медиалигада нағыз танымал (медиа) тұлғалар ойнағанын жөн санайды. Өйткені, кейбір командаларда әртістерден гөрі кәсіби футболшылар қаптап жүр.  Подкаст қонағы Максим Самородов, Ислам Чесноков сияқты ұлттық құрама сапындағы талантты ойыншыларды Абат Айымбетовтен үлгі алып, Еуропа клубтарында ойнау мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Марат Достаев Түркия суперлигасын – Еуропаға апаратын алтын көпір деп есептейді. Сайтымыз: https://1bol.kz/
Бүгін легионерлер мәселесін сөз еттік. Футболдағы, олимпиадалық спорт түрлеріндегі келімсектердің жайы қозғалды. Тәуелсіздік алғалы Қазақстан атынан шыққан 101 легионер қазір өз еліне оралып, тарихи отанында тұрып жатыр екен.  Қазақстан намысын қорғаған легионерлердің бәрі медаль әперіп жатыр ма? Жоқ. Спорт журналисі Аслан Қаженов легионерлердің қызметіне жүгіну Өзбекстан тәжірибесінде де барын, бірақ көрші елде ол сәтті жүзеге асып жатқанын айтты.  Жапония спортында алдағы 100 жылға стратегия әзірленеді екен. Оның бәрі ғылыми зерттеуге, сараптамаға негізделіп жасалады. Ал қазақ спортында нақты мақсат та, стратегия да жоқ.  Айтпақшы, Бокс федерациясының басшысы Кеңес Рақышев орнынан кетуі мүмкін бе? Кеңес Рақышев кетсе, федерацияның келесі президенті кім болады? Оның себебін білгіңіз келсе, подкасты соңына дейін көріп шығыңыз... Сайтымыз: https://1bol.kz/
Жандос Айтбайұлы - Қазақстан телеарналары футболдан әлем чемпионатын, олимпиада ойындарын толық көрсете бастаған жылдардан бастап халықаралық жарыстардан қазақ тілінде репортаж жасаған спорт журналистикасының буыны.  Спорт сарапшысы бастапқыда қазақтілді комментаторлардың көп сыналғанын, сол сыннан шыңдалып шыққанын айтып берді. Соңғы уақытта ҚПЛ-де ойнайтын легионерлерге қойылатын шектеуді жеңілдету мәселесі қоғамда қатты талқыланып жатыр. Жандос Айтбайұлының да ҚФФ президентінің шешіміне қатысы өз айтары бар екен. Сарапшымыз қазақстандық футбол клубтарын біртіндеп жекеменшікке беру мәселесін қозғады. Айтуынша, Қазақстанда Боранбаев сияқты қалталы азаматтар көп, бірақ олар жемқорлық жайлаған футболға жолағысы келмейді.  Спорт комментаторы көтерген қалған қызықты естігіңіз келсе, подкасты бастан-аяқ көріп шығыңыз. Сайтымыз: https://1bol.kz/
loading