Ақын Дәулеткерей Кәпұлының өмірі мен шығармашылығы
Description
«Әдебиет әлемі» хабарының осы санында ақын, әдебиеттанушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы сөз еттік.
Дәулеткерей Кәпұлы қаймағы бұзылмаған көшпелі қазақтың салт-санасын бойына сіңіріп өскен. Ұяда алған тәлім-тәрбиесін ғұмыр жолына өмірлік серік еткен қаламгер. Алты алашқа айтыс өнері арқылы танылып, әдебиет әлемінде өз орнын қалыптастыра білген, халықаралық әдеби додалардың жеңімпазы.
Ақынның шығармалары қазақ ақындарының «Жыр тәңірі», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Жас ақындар жырларының антологиясы», «Байбесік тұмалары», «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы», «Шабыт», «Жидебай», «Жанартау», «Азаттық таңындағы азат жыр» т.б. жыр жинақтарында жарияланған.
Бала кезінен сахнаға қара домбырасын арқалап шығатын Дәулеткерей бүгінде ел ағасына айналып үлгерді. Көшпелі өркениеттің бел баласы болғандықтан ақын шығармашылығынан қазақы болмысты бөліп қарастыру мүмкін емес.
Дәулеткерей Кәпұлы қазірде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы. Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры.
Түркияда өткен түркітектес халықтардың Қаражолан атындағы сегізінші еларалық поэзия фестивалінің лауреаты, ақын Дәулеткерей Кәпұлының өмірдерегі жайлы хабардың толық нұсқасын аудионұсқадан тыңдай аласыздар.